Ауданымызға Зағипа Балиева мен облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары арнайы іссапармен келді


Бүгін ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева мен облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев арнайы іссапармен келген еді.  Қонақтарды аудан әкімі Рыскелді Сатпаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетовалар қарсы алып, қаламыздағы Политехникалық колледжге  студент жастарымен кездесуге бастап келді. Алдымен оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысқан Зағипа Яхянқызы мен Ғалиасқар Төлендіұлы еліміздің ауылшаруашылығы мен өнеркәсібіне қажетті мамандар даярлайтын оқу орнының студенттерді мамандыққа машықтандыратын өндірістік ғимаратын аралап көріп, көңілдері толды. Содан кейін колледждің акт залына жиналған жастармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме өрбіді. Биылғы Жастар жылында жас маман, жас кәсіпкер, жас отбасыларға аралған түрлі бағамды бағдарламалар жүзеге асатынын айтып, әрбір жасты өз елінің патриоты болуға шақырды. Өз кезегінде сөз алған Ғалиасқар Төлендіұлы да облысымыздағы жастар саясатының жүзеге асуы туралы айтып өтті.



Жастармен болған жылы жүзді кездесуден кейін жұмыс тобы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің Мәдениет үйіне бет алды. Онда аудандық «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІV конференциясына қатысты. Конференцияның күн тәртібіне қойылған мәселелерге орай аудан әкімі, аудандық «Нұр Отан» партиясының төрағасы  Рыскелді Сатбаев пен аудан әкімінің орынбасары Хайдар Әбдіханов, облыстық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев баяндама жасады. Аудандық жастар ресурстық орталығының, партияның «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Замира Қалымбетова да сөз сөйледі. Тиісті қаулылар қабылданып, партияның съезіне делегаттар сайланды. Жиынды мәжіліс депутаты Зағипа Яхянқызы қорытындылап, міндетті медициналық сақтандыру, жастарға көрсетілетін қолдау, әлеуметтік салаға қатысты сөз қозғап, Парламентте көтеріліп жатқан заң жобалары туралы айтты. 


Конференция жұмысын сәтті аяқтаған жұмыс тобы қаламызда жуырда ашылып, ел игілігіне берілген «Алмалы» денешынықтыру-сауықтыру кешенін аралып көріп, ондағы жас спортшылармен тілдесіп, замануи үлгіде салынып, жабдықталған кешеннің қала жастарын салауаттылыққа тәрбиелеп, спортқа баулитын үлкен орталық болатынына сенім артты. Ары қарай Бесқайнар ауылдық округіне жол тартып, ондағы «Ойқарағай-Лесная сказка» спорттық-сауықтыру кешенін көріп, ауданымыздағы туризм саласының өркенді істерінің куәсі болып қайтты.


Перизат Нұрқаева,

«Талғар-ақпарат».
 
Дата публикации: 9 февраля 2019 г.