Елі сүйген Елбасы


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы десек артық айтпағанымыз. Ел Тәуелсіздігін нығайтудағы, халықаралық аренада мемлекет беделін көтерудегі еңбегіне ризашылығымыз шексіз. Қазақстанның егеменді ел атануына қосқан үлесі барша қазақстандықтардың есінде мәңгілік қалмақ. Бүгінгі көк байрақты, айбынды әнұранды, еңселі елтаңбалы, төл теңгелі, шекарасы мығым ел болып, әлемнің дамыған отыз елінің қатарынан орын алуға ниеттеніп отырғанымыз Нұрсұлтан Әбішұлының саралы саясатының жемісі. Елімізді мекен еткен 130-дан аса ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, татулық пен бірлікте жарастырып, ұлтаралық қатынасты тұрақтандырып отыруының өзі үлкен саясаткерлігі.  «Қандай қасіретке қабырғасы қайысса да, қаймықпай төзе білген, қажырлы да қайсар қазақ халқының алдында басымды иемін» деген Н.Ә. Назарбаев бүгінгі күнге дейін халықтың қамын ойлап, солар үшін қызмет етті.  Ол осы еңбек жолында Қазақстан халықтары Ассамблеясының Төрағасы, Қазақтардың Дүние жүзі Қауымдастығының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметтері атқарып,  Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның және басқа да бірқатар шет елдің жоғары ордендері мен медальдарымен марапатталды. Әлемнің ең мықты 5 саясаткерінің бірі атанған Н. Ә.Назарбаев әлемге аты белгілі үздік саясаткер де. Оның ядролық қаруға қарсы позициясы, Қазақстанның ЕҚЫҰ мен Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Дәстүрлі діндердің съезін өткізуі –әлем аренасындағы саяси тұлғасын айқындап берді.

Жаңа Елордамыздың бой көтеруіне Тұңғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше. Жаңа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Астана қаласының атын «Нұрсұлтан» деп өзгертуді ұсынған еді. Бас қаламыз  негізін қалап, атын барша әлемге әйгілеген Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен аталуын біздер де қолдаймыз. Сондай-ақ еліміздің барлық облыс орталықтарының негізгі көшелерінің де Ұлт көшбасшысының атымен аталғаны құптарлық іс. Өйткені, елі сүйген, елін сүйген – Елбасы қандай да болсын құрмет пен атаққа лайықты!

Мейрамгүл Ермағанбетова,

Аудандық «Нұр Отан» партиясы

төрағасының бірінші орынбасары.

 
Дата публикации: 26 марта 2019 г.