Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек.


Осы аптада қаламыздағы М.Бейсебаев атындағы агробизнес жəне менеджмент колледжінің жиын жайында аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Райхан Джулимбетова жəне облыстық
жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Назгүл Молбосынова аудан тұрғындарымен кездесіп, 2018 жылдың қаңтар айының 1-нен бастап енгізілетін
атаулы əлеуметтік көмектің жаңа форматы жайында қазақ жəне орыс тілдерінде жан-жақты түсінік берді. «Жаңа форматтағы атаулы əлеуметтік көмектің қазіргі əлеуметтік төлемдерден
басты айырмашылығы, ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсыну болып табылады. Бұл дегеніміз, бүгінгі таңдағыдай тек атаулы
əлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жəрдемдесуді білдіреді, яғни жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тəжірибесіне,
əлеуметтік жұмыс орындарына жəне қоғамдық жұмыстарға орналастырылады. Сондай-ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі. Егер отбасындағы адамдар қиын өмірлік
жағдайға тап болса, үкіметтік емес ұйымдар, əлеуметтік қызметкерлер жəне мемлекеттік медициналық-əлеуметтік ұйымдар тарапынан мемлекет кепілдік берген арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсетіледі»
-дей келе, қос баяндамашы жаңа форматтағы атаулы əлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде
тағайындалатыны жайында, сондай-ақ оның мөлшері туралы тұщымды ақпарат берді. Жаңа форматтағы атаулы əлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды немесе азаматтарды кедейліктен шығаруға
бағытталған кешенді қолдау тəсілдерінен тұратынын жеткізген сала мамандары, тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап берді. Бұл бағытта түсіндіру, ақпараттандыру жүмыстары əрі қарай да
жалғасатын болады.

 
Дата публикации: 29 ноября 2017 г.