БІЛІМ ОРДАСЫНДА ЖАҢА БАСШЫ


Перизат НҰРҚАЕВА, «Талғар»

 

Күні кеше қаламыздағы сексен жылдық тарихы бар Талғар политехникалық колледжіне жаңа басшы тағайындалды. Колледжді жеті жылдай басқарған Жұмағали Кибекбаев зейнет демалысына шығып, ендігі басшылық тізгінін Райхан Садықова өз қолына алды. Еңбек жолын білім саласынан бастаған Райхан Нұрмырзақызы аудандық білім бөлімінің басшысы, аудан əкімінің орынбасары болып, кейінгі бес жылда Талғар ауданының əкімі қызметін атқарды. Еңбек жолында көптің құрметіне бөленіп, абырой биігінен көрінді. Екі жүз мыңнан аса тұрғыны бар ауданымызды басқарған жылдарында қасиетті Талғар жерінің көркейіп, экономикалық-əлеуметтік жағдайының жақсаруына зор үлес қосып, ер азаматтармен иық тірестіре қызмет атқарып келген болатын. Білім саласын жетік меңгерген Райхан Нұрмырзақызы ендігіде ұрпақ тəрбиесі мен жас мамандарды оқытып-шығару ісін қолға алып, еңбек жолын жалғамақшы.

 

Ауданымызға арнайы ат басын бұрған облыстық білім басқармасының басшысы Дəурен Жүнісов Талғар политехникалық колледжінде болып, Райхан Садықованы басшылық қызметке тағайындап, колледж ұжымына таныстырды. Салтанатты шараға аудан əкімінің орынбасары Дəрменияр Қыдырбек-ұлы да қатысып, ұстаздар алдында жаңа басшылары туралы сөз қозғап, Райхан Нұрмырзақызының адамгершілік қасиеттері мен өз ісіне адалдығын айтып, ісіне сəттілік тіледі. Райхан Нұрмырзақызын жаңа қызметімен құттықтай келген аудан əкімдігінің аппарат, бөлім басшылары да ыстық ықыластарын білдіріп, шоқ-шоқ гүлдерін ұсынып жатты. Жаңа басшыны колледждің тыныс-тіршілігімен таныстыр ған директордың орынбасары Ермек Сатұлы тəжірибелі мамандар топтасқан колледж ұжымының жеткен жетістіктері мен алда да атқарар істері жайында баяндап, бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Салтанатты шара соңында Райхан Нұрмырзақызы сөз алып, өзіне дейін оқу орнын басқарған Жұмағали Кибекбаевтың ерен еңбегін тілге тиек етіп, колледж ұжымын бірлесе жұмыс жасауға шақырды.


 
Дата публикации: 13 апреля 2018 г.